Кипр жағалауында аударылған кемеден қаза тапқандар саны сегізге жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Кипр жағалауында аударылған кемеде қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті, тағы 17 адам іздестіріліп жатыр.
Бұл туралы ТАСС агенттігі Солтүстік Кипр билігіне сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін Кипр жағалауында 267 жолаушысы бар кеме аударылғаны белгілі болған.
Кирениядан Түркияның Мерсин провинциясындағы Ташуджу портына бет алған катамаран үлгісіндегі кеме жағалаудан шамамен төрт миль қашықтықта су ала бастаған. Кейіннен кеме аударылып кеткен.
Құтқару жұмыстарына жағалау күзетінің катерлері, тікұшақ, сондай-ақ азаматтық кемелер мен қайықтар жұмылдырылды.
Алдын ала мәліметке қарағанда, Кипр жағалауында апатқа ұшыраған кеменің бортында Қазақстан азаматтары болмаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.