Кир Стармер Газадағы жағдайға байланысты министрлер кабинетінің шұғыл отырысын шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Палестинаны мойындау мәселесі мен өңірдегі гуманитарлық дағдарысты талқылайды, деп жазды Анадолы сайты.

Лондон
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер осы аптада министрлер кабинетінің шұғыл отырысын өткізуге ниетті. Отырыста Газа секторында ушығып бара жатқан жағдай қаралады. Бұл туралы Даунинг-стрит, 10 мекенжайындағы премьер-министр резиденциясындағы дереккөздерге сілтеме жасап британдық басылымдар хабарлды. Айта кетейік, Ұлыбритания үкіметі 1 қыркүйекке дейін жазғы демалыста.
Дереккөздердің хабарлауынша, отырысты өткізудің негізгі себептерінің бірі — Палестинаның тәуелсіздігін мойындау жөнінде Ұлыбритания үкіметіне артқан қоғамдық және халықаралық қысым. Жиын барысында Лондонның Таяу Шығыстағы дағдарысты реттеуге бағытталған ықтимал қадамдары талқыланбақ.
Сонымен қатар, Кир Стармер Шотландияға сапары кезінде бұл мәселені АҚШ президенті Дональд Трамппен өткізілетін келіссөздерде де көтереді деп күтіледі.
Газа секторындағы гуманитарлық апат ушығып тұр
Израильдің қатаң қоршауында және күнделікті әуе шабуылдарына ұшырап жатқан Газа секторы аса ауыр гуманитарлық апатқа тап болды: өңірде азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдар қатты жетіспейді. Аштық мәселесі ерекше өткір күйде — ресми деректерге сәйкес, тамақ жетіспеушілігінен көз жұмған палестиналықтардың саны 133 адамға жеткен, олардың басым бөлігі — балалар.
Аштық жалғасып жатқан тұста және гуманитарлық көмекті жеткізуге қойылған шектеулерге байланысты Біріккен Араб Әмірліктері мен Иордания гуманитарлық жүктерді әуеден тастауға кірісті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Иордания мен БАӘ Газаға әуеден гуманитарлық көмек жібере бастағанын жазған едік.