Кира Данилова Астанада ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Кира Данилова Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанды. 

Кира Данилова
Фото: ҰОК

Құрлықтық додада 69 келіде қыздар арасында ел құрамасы қоржынына екі медаль түсті. Қазақстандық Кира Данилова қоссайыстың қорытындысымен 198 (87+111) келіні бағындырды. Ал Софья Шальгина үздік үштіктен көрінді, нәтижесі — 175 (82+93) келі. 

Екінші орынға өзбекстандық Динура Холдорова жайғасты. Ол қоссайыстың нәтижесінде 186 (81+105) келіні өзінің еншісіне жазды.

Сондай-ақ бұдан бұрын қазақстандық ауыр атлет Әлихан Әскербай Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Ал ел қоржынына екі медальді Ксения Прозорова салған болатын. Ол U17 санатында бірінші орынға ие болып, 20 жасқа дейінгі атлеттер арасында күміс жүлдегер атанды.

Ал 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (А тобы) сынға түскен Снежана Кашкарова жұлқа көтеруде 69 келіні бағындырып, қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, чемпионат 4-10 шілде аралығында Qazaqstan спорт кешенінде өтеді.

Құрлықтық додаға Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Кувейт және Азияның өзге де 25 мемлекетінен 300-ден астам спортшы келді. 

Соңғы жаңалықтар