Қырғи-қабақ соғыс пен ЖЭК: Kazinform 70 жыл бұрын не жайында жазды

АСТАНА. KAZINFORM – Агенттіктің 105 жылдық мерейтойына арналған материалдар топтамасын жалғастырамыз. Осы орайда, мұрағат деректерінен 1953 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданына қарасты «Труд пахаря» кеңшарында су сору үшін жел қозғалтқышының орнатылғаны туралы ақпарат агенттік таспасы арқылы бүкіл республикаға тарағаны жайлы жазба табылды.

О холодной войне и ВИЭ: о чем писал Kazinform 70 лет назад
Фото: Будневич И. Kazinform фотоархиві

Мұрағатта таспаланған тарих

Kazinform ғасырдан астам уақыттан бері Қазақстанның ақпараттық күн тәртібін қалыптастырып келеді. Бұл ретте агенттіктің әр жылдары түрлі атаумен жұмыс істегенін атап өткен орынды. Нақтырақ айтқанда, агенттіктің негізгі сұлбасы 1920 жылдың тамыз айында Ресей телеграф агенттігінің Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылды. Ал 1937 жылы атауы ҚазТАГ болып өзгеріп, ТАСС құрамында жұмыс істеді.

Алғашқы жылдар жантүршілерлік оқиғаларға толы болды. Азаматтық соғыстан басталып, ашарлық, ұжымдастыру, қуғын-сүргін жылдарына ұласты. Одан кейін фашизммен күрес басталды. Тек 50-жылдары ғана кеңестер елі аяғын нықтай бастады. Жұмысшылар мен шарулар мемлекетті әлемдік төңкеріс идеясын «тарих шоланына» жіберіп, әлеммен байланыс орнатуға тырысты. Бұл да оңайға соға қойған жоқ. 1952-1953 жылдары әлемді бөлісе алмаған бұрынғы одақтастар арасында жаңа әлемдік соғыс қатері елес берді. Корея мен Вьетнамда өрт оты тұтанып, Еуропада бөлшектеу жүріп жатты. Мұның бәрі ақпараттық соғыспен ұштаса түсті. Сол кезеңде америкалық журналистің Сталиннен сырттай алған сұхбатының өзі талай жайтты аңғартса керек. «Әлем үшінші әлем соғысының табалдырығында тұрғаны рас па?» деген сауалға Сталин қысқа ғана «жоқ» деп жауап береді. Ал «капиталистік және коммунистік жүйе қатар өмір сүруі мүмкін бе?» деген сауалға «иә» деп жауап бере келе, оның бір-бірінің ішкі ісіне араласпау және мүдделеріне құрмет көрсету жағдайында ғана мүмкін екендігін ескертеді.

КСРО мен АҚШ текетіресі экономикалық бәсекелестік пен қару-жарақ жарысының жаңа шегіне жетеледі. Кеңес одағы бүкіл әлемге дамудың батыстық моделінің «тозығы жеткендігін» дәлелдеп, өзінің жетістіктерін паш етуге тырысты. Елдің ішінде ауқымды құрылыстар мен табиғатты түрлендіру дәуірі басталды. Бұл жайт бүгінге дейін сан алуан сұрақтың туындауына түрткі болып тұр. Біз «Казахстанская правда» газетінің цифрлық мұрағатына сүйене отырып, 1952-1953 жылдары ҚазТАГ-тың іріктелген ақпараттық материалдары мен фото жылнамасын жасадық.

Алып құрылыс дәуірі

Сонымен, осыдан 70 жыл бұрын Қазақстан қалай өмір сүрді? Сол уақытта баспасөзде халықаралық істер, Корея мен Вьетнамдағы соғыс, Хадерабадтағы полиция қызметкерлерінің бассыздығы, әрине сонымен қатар бүкілодақтық құрылыс барысы жайлы жиі жазып тұрды. ҚазТАГ бұлардан бөлек республиканың кәсіпорындары, мәдениеті мен спорты жайында да мақалалар беріп отырды.

Ақпараттық материалдар мен фотолардың біразы қоғамда оқырман мәдениетін ілгерілетуге, жаңа білімге ұмтылуға, жұмысшы адам мәртебесін көтеруге арналды.

1952 жылдың 4 қаңтарындағы жазбада Петропавлдағы кітап дүкенінің жазылым басылымдары бөлімінде сатып алушылардың үнемі көп болатындығы атап көрсетілген. Сонымен қатар жазылушыларға жаңа кітап беріп жатқан сатушы Ф. Салаутдинованың (сол жақта) суреті қоса ұсынылған.

архив
Фото: Кітапхана меңгерушісі Р. Ақбердина мен кітапханашы К. Нетуллина «Социализм жолы» кеңшарының жайылымы малшылары үшін әдеби кітаптар іріктеп жатыр. Ю. Яневский. Kazinform фотоархиві

Ақтөбе облысында қызық отауға қызмет көрсететін жылжымалы кітапхана желісі құрылды. 

Мәдениет қайраткерлері марапатталды. 1952 жылдың 6 қаңтарында Қазақ КСР Министрлер кеңесі Жамбыл атындағы екінші сыйлықты – 10 мың рубльді ақын Хамит Ерғалиевке «Біздің ауылдық қызық» поэмасы үшін, ал Абай атындағы үшінші сыйлықты – 10 мың рубльді ақын Нұрхан Ахметбековке «Жасауыл қырғыны» поэмасы үшін берілгені туралы ақпарат шықты.

Дәл сол уақытта Алматының биік таулы мұз айдынында Қазақ КСР Министрлер кеңесі жүлдесіне арналған жарысқа Кеңес одағының түпкір-түпкірінен спортшылар жиналды.

Сол жылдың 11 қаңтарында Қазақ КСР Ғылым академиясының Каспиймаңы кешенді экспедициясы Сталинград суландыру арнасы аймағында су шаруашылығы іс-шараларын жобалау үшін алты мыңға жуық топырақ, гидрохимиялық және топырақ талдауын жүргізгені туралы қызықты жазба жарияланды.

Еділ-Дон кеме жүзу арнасы жобасынан шабыттанған одақ басшылығы Батыс Қазақстанды суландыру үшін Еділді бұруды жоспарлады. Бірақ бұл үстіртін жоба болып шықты және орындалмады.

1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы шығарған «Қазақстанның физикалық географиясы туралы очерктер» кітабында былай деп жазылған: «Табиғатты өзгертудің орасан зор жоспары және еліміздің партиясы мен үкіметі қабылдаған, қазір, оның ішінде Қазақстан аумағында табысты іске асырылып жатқан коммунизмнің ұлы құрылыстары туралы шешімдер су ресурстарын зерделеу мен пайдалануға өзге көзқарасты талап етеді. КСРО-ның Еуропалық аумағының оңтүстік-шығыс бөліктерінде және Солтүстік-Батыс Қазақстанда табиғатты өзгертудің сталиндік жоспарын іске асыруға байланысты Қазақстан мен Орта Азияның шөлді-дала және шөлді кеңістіктерін суландыру, жасанды суару жағдайларын кеңейту және жақсарту, жаңа су жолдарын құру проблемаларын әзірлеу зор маңызға ие. Осыған байланысты Қазақстан үшін Сталинград су торабының құрылысы ерекше маңызды. Оның негізінде Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарының едәуір аумақтарын суландыру және суару жоспарланған».

Осынау ұйғарымы жағынан ауқымды жоба ұзақ уақыт бойы саясаткерлерге маза бермеді. Егер Сталин 1953 жылы қайтыс болмағанда, табиғатты бұлай өзгертудің түбі неге алып келерін кім білсін... Өйткені, Арал теңізіне қарасақ та мұндай жоспардың неге апарары түсінікті. Айтпақшы, сол кітапта авторлар Сырдариямен жететін жылына 22 миллион текше метр судың аз ғана бөлігі суару үшін пайдаланылатынын зор өкінішпен атап өтеді.

- Таяу жылдары жағдай қатты өзгереді... Сырдария суы айтарлықтай көп деңгейде суаруға және энергетикалық қажеттілікке қолданылатын болады, - деп атап өтеді авторлар.

Алайда, одан кейінгі жағдайдың не болғанын білеміз. Аралды құтқаруға тура келді. Ал Сырдария өзені суалып, кейбір жерлерін кешіп өтуге болады.

Идеология және жұмысшы адам мәртебесі

Одақта идеологияға басымдық берілді. 1952 жылы 18 қаңтарда Лениннің шығармалары қазақ тіліне аударылатыны туралы жазба шықты.

1952 жылы 31 шілдеде Алматы киностудиясы қазақ тіліне дубляждалған «Ұмытылмас 1919 жыл» фильмі республика экранына шығарылғаны хабарланды.

Кеңестік баспасөзде еңбек адамдары күн сайын мадақталды. Алдыңғы қатарда болу зор құрмет саналды. Мәселен, 1952 жылы 20 қаңтарда ҚазТАГ Балқаш мыс балқыту зауыты байыту фабрикасының ең үздік жіктеуіштерінің бірі Жұмаш Бигашевті фото жылнамасында жарыққа шығарды.

Сол жылы 5 ақпанда Өскемен ГЭС құрылысында жанқиярлықпен еңбек еткен Ж. Кәрімбаев бастаған бетоншылар бригадасының суреті жарияланды.

«Стахановшылар күн сайын тапсырмаларды 20-50 пайызға асыра орындайды».

Коунрадский кенішінде жұмыс істейтін Юлия Попованың электр монтаждау цехының бригадасы
Фото: Коунрадский кенішінде жұмыс істейтін Юлия Попованың электр монтаждау цехының бригадасы. Ю.Яневский. Kazinform фотоархиві

1952 жылы 20 ақпанда Қарағанды көмір кеніші шахтерлерінің қалай жарысатыны туралы ақпарат тарады: «Жарыста Төребек Құмкенов жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ол бір ауысымда екі норма орындайды», - деп хабарлады агенттік.

Бір таңқаларлығы, сол жылдары шалғайдағы жайлауда малды сумен қамтамасыз ету үшін жел энергиясын пайдалануды ұсынған өнертапқыштар болды.

Бүкіл республикаға Жамбыл облысының Свердлов ауданына қарасты «Труд пахаря» кеңшарының аты тарады. Онда фермалардың бірінде су беру үшін жел қозғалтқышы орнатылды.

Павлодар МТС механизаторлары кеңшарларда үш жел қозғалтқышын орнатты.

Келесі - 1953 жылдың 30 мамырында Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтының ұжымы мал шаруашылығына арналған жел қозғалтқышын құрастырғанын хабарлады.

- Ол 30 метр тереңдіктен сағатына бір жарым текше метрге дейін су сорады. Жел қозғалтқышы жеті тораптан тұрады, жегін малмен оңай тасымалданады, - делінген хабарламада.

Әлеуметтік аспект

Сол уақыттағы материалдарды талдау білімге, жұмысшы кадрларды қалыптастыруға, еңбек адамына қаншалықты көңіл бөлінгенін байқауға мүмкіндік береді.

1952 жылдың 1 ақпанында Өскемен мырыш зауытының жұмысшылары, инженерлері және қызметшілері балаларының көпшілігі музыка мектебінде оқитыны туралы ақпарат берілді. (Суретте: электриктің қызы Римма Охотникова сабақта).

1953 жылы 28 ақпанда Қарағандының үш мыңнан астам шахтері сол жылы еліміздің шипажайларына баруы керек екендігі хабарланды.

1953 жылы 8 сәуірде көркемөнер суретшілерінің студиясы жұмыс істеген Киров атындағы Қарағанды шахтасының клубы туралы айтылды. Материалда ондаған шахтердің дарынын шыңдайтындығына мән берілген: «Үйірменің бес қатысушысы қазіргі уақытта өнер мектептерінде оқиды».

шахтер Т. Алтынбеков
Фото: Шахтер Т. Алтынбеков. П. Федорова. Kazinform фотоархиві

1952 жылғы 13 маусымда жарияланған «Еңбекші депутаттардың облыстық кеңесі сессиясында» делінген ақпаратта Шығыс Қазақстанда білім берудің дамуы туралы баяндалды.

- Міндетті жеті жылдық оқыту табысты жүзеге асырылуда. Қазір облыста жүз мыңнан астам бала оқитын 800 мектеп бар, - делінген ақпаратта.

Ал 1952 жылғы 8 тамыздағы «Ауыл мектебінен жоғары оқу орнына» делінген ақпаратта Қызылорда облысы ауылдарының орта мектептері түлектерінің жоғары білімге деген құштарлығы туралы айтылды.

- Тек Қызылорда педагогикалық институтына биыл 400-ге жуық адам қабылданады... Ауыл мектептерінің 500 түлегі Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы және басқа қалалардың жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыруға аттан, - делінген хабарламада.

Көріп отырғаныңыздай, соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтірген көптеген қарапайым жұмысшының аты-жөні тарихта сақталып қалған.

Айта кетейік, 2025 жылы 13 тамызда еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі - Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толады.

Соңғы жаңалықтар