Microsoft Нотр-Дам де Пари ғимаратының цифрлық көшірмесін жасайды
АСТАНА. KAZINFORM — Microsoft компаниясы Нотр-Дам де Пари соборының «цифрлық егізін» жасайтынын мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Бұл жоба аясында Францияның жетекші мәдени мекемелерінде сақталған тарихи опера декорациялары мен миллиондаған артефакті цифрлық форматқа көшіріледі. Мысалы, Париж ұлттық операсының 1800–1914 жылдар аралығындағы спектакльдерінен алынған 15 000-нан астам кино-модель цифрландырылмақ.
Нотр-Дам соборы 2019 жылғы алапат өрттен кейін қалпына келтіру жұмыстары бес жылға созылған. Алайда Microsoft президенті Брэд Смиттің айтуынша, ғимараттың цифрлық көшірмесін жасау әлдеқайда жеңіл.
Биылғы шілде айында ол бұл жобаның тәжірибе жүзінде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. 1345 жылы салынған Нотр-Дам енді заманауи технологиялар көмегімен цифрлы түрде қайта жаңғырады.
Цифрлық нұсқаны жасау жұмыстары Францияның Мәдениет министрлігіне қарасты Мұра институты және Iconem стартапымен бірлесіп атқарылады. Жоба барысында визуализацияның озық технологиялары мен жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатыр.
— Жобаның мақсаты — Нотр-Дамның әрбір бөлшегін цифрлық форматта ұзақ мерзімге сақтау, оның құрылымы, тарихы мен символикасын болашақ ұрпаққа жеткізу, — деп жазды Microsoft президенті Брэд Смит өзінің блогында.
Оның айтуынша, дайын болған цифрлық нұсқа Франция үкіметіне сыйға тартылып, Нотр-Дам мұражайында экспозиция ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Жобаның нақты бюджеті мен аяқталу мерзімі әлі белгісіз. Дегенмен, Смит француз басылымдарына берген сұхбатында бұл жұмысқа кемінде бір жыл уақыт қажет болатынын және шығын бірнеше миллион долларды құрайтынын айтты.
Бұған дейін Францияның Мәдениет министрі Нотр-Дам шіркеуіне кіру үшін ақы алуды ұсынғанын жазған едік.