Қырғызстан БАҚ пен итернеттегі фейк материалдар үшін айыппұл салмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының «Қырғыз Республикасының құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заңына қол қойды.

Садыр Жапаров
Фото: president.kg

Бұл туралы Қырғызстан президентінің ресми сайтынан мәлім болды.

Заңды Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші 2025 жылғы 18 маусымда қабылдады.

Заңның мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік пен азаматтардың обьективті сенімді ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Қырғыз Республикасының заңы 1093 баппен толықтырылды. Ол бұқаралық ақпарат құралдарын және интернетті пайдаланып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті қарастырады.

Егер жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті, азаматтар мен қандай да бір мекеменің құқын бұзатын болса, сондай-ақ заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекет мүддесіне қайшы болса және қылмыстық жауапкершілікке жататын белгілері болмаса, оны таратқан адамға 200 айлық, ал заңды тұлғаларға 650 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар енгізілген өзгерістерге байланысты жоғарыда аталған бап бойынша құқық бұзылғаны туралы хаттаманы ішкі істер органдары толтырады, оны сот қарайды.

Заң ресми түрде жарияланғаннан кейін үш күн ішінде күшіне енеді.

Осыған дейін АҚШ-тың Қырғызстан азаматтарына жаңа визалық шектеулер енгізгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар