Ғұсман Қырғызбаевтың ширек финалдағы қарсыласы белгілі болды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстандық балуан Ғұсман Қырғызбаевтің ширек финалдағы қарсыласы анықталды. Ол келесі кезеңде жергілікті татами шеберімен өзара мықтыны анықтайды.

Нақтырақ айтсақ, 66 салмақта сынға түсіп жатқан отандасымыз ширек финалда франциялық Валид Хиярмен кім мықтыны анықтайды.
Естеріңізге сала кетсек, Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, ширек финалға шықты.
Ан Баул Рио Олимпиадасында күміс, Токиода қола медальға қол жеткізген.
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері. Кеше, 27 шілдеде Париж татамиіне қазақстандық екі дзюдошы шыққан еді. Әбиба Әбужақынова (48 кг) қола жүлдеге таласта Швеция өкілі Тара Бабулфаттан жеңіліп, алғашқы олимпиадасын 5-орынмен аяқтады.
Ал, Елдос Сметов (60 кг) финалда франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған болатын.