Қырғызстан АҚШ азаматтары үшін визасыз режимді қайта қарауды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Вице-премьер-министр Эдиль Байсалов АҚШ-тың Қырғызстан азаматтары үшін жоғары визалық кепіл енгізуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Шенеунік әлеуметтік желідегі парақшасында қырғызстандықтар үшін жаңа виза талаптарына жауап ретінде АҚШ азаматтары үшін визасыз режимді қайта қарауға шақырды.
- Мемлекеттік департаменттің кеше Қырғызстан азаматтарынан визаға өтініш берген кезде 15 мың АҚШ долларына дейін визалық депозит салуды міндеттейтін жаңа виза талаптары туралы жариялауынан кейін біз АҚШ азаматтарына арналған визасыз режимімізді қайта қарауды бастауымыз керек деп ойлаймын. Виза саясаты – теңдік пен өзара құрмет мәселесі. Егер азаматтарымызға осындай жоғары кедергілер қойылса, біз ештеңе болмағандай түр көрсете алмаймыз, - деп жазды ол.
Еске сала кетсек, АҚШ туристік және іскерлік виза алуға өтініш беретін Орталық Азиядағы үш елдің азаматтарын визалық кепіл бағдарламасына қосты.