Қырғызстан азаматы тыйым салынған діни кітаптарды әкелгені үшін айыппұл төледі
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы Қазақстан аумағына тыйым салынған діни әдебиетті заңсыз әкелгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Меркі аудандық соты 2025 жылғы мамыр айында Түрксіб станциясындағы шекаралық бақылау барысында ұсталған Қырғыз Республикасы азаматы А.-ға қатысты істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабының 1-бөлігі бойынша қарады.
Шекара қызметі мен желілік полиция бөлімінің қызметкерлері азамат А-ның жүгінен Қазақстан аумағына әкелуге және таратуға тыйым салынған діни мазмұндағы «Х…» кітабын тапқан. Сараптама қорытындысы бойынша бұл кітапта еліміздің конституциялық құрылымына қарсы насихат пен ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мазмұн бары анықталған.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, Қазақстан Республикасының заңдарын білмегендіктен заң бұзғанын түсіндіріп, өкініш білдірді.
Сот А.-ны кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар заңсыз әкелінген кітап тәркіленді. Айыппұл толық көлемде төленіп, сот қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетелік спортшыларға командада өзінің діни нанымдарын ашық көрсетуге тыйым салынады.