Қырғызстан блогерлерді салық төлеуге міндеттемек
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі онлайн-платформаларда цифрлық контент жасап жүрген азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындайтын заң жобасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлайды.
Жергілікті ақпарат құралдарының интернетте тараған, министрдің орынбасары Марат Тагаев қол қойған хатына сілтеме жасап жазуынша, аудиториясы 10 мыңнан асатын және жарнама арқылы табыс тауып отырған блогерлерге салықтық міндеттемелер жүктелуі мүмкін. Сондай-ақ аталған құжатта блогерлер өндіретін контенттің мемлекеттік бақылауға алынатыны да ашық көрсетілген.
Қазір заң жобасы әлі де пысықталу үстінде, сондықтан нақты қанша жазылушыдан бастап талап қойылатыны туралы айтуға ерте дейді ведомство өкілдері. Құжат биылғы наурыз айына қарай дайындалып, қоғамдық талқылауға ұсынылмақ.
Осыған дейін Қазақстан Парламентінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бірыңғай тізімін жасап, оны жариялау қажеттігі туралы айтқанеді.