Қырғызстан электр энергиясын қашан экспорттай бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Тоғыз-Торо ауданында «Қазарман ГЭС-тері» каскадының құрылысы басталды. Салтанатты капсула салу рәсіміне ел президенті Садыр Жапаров қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан электр энергиясын қашан экспорттай бастайды
Фото: ABC.AZ

Президенттің айтуынша, «Қазарман ГЭС-тері» каскады тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі энергетикалық жобалардың біріне айналады.

Жоба аясында жалпы белгіленген қуаты 912 мегаватт болатын үш су электр станциясы салынады. Каскад жылына 3,75 млрд киловатт-сағаттан астам электр энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны 3 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Құрылысты толық аяқтау 2031 жылға жоспарланған.

Садыр Жапаров қазіргі электр энергиясы тапшылығы ел экономикасының қарқынды өсуімен байланысты екенін айтты.

– Соңғы үш жылда елімізде жыл сайын жүздеген жаңа зауыт, фабрика және әлеуметтік нысан іске қосылып жатыр. Соның салдарынан электр энергиясын тұтыну жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу қарқынынан асып түсті, – деді ол.

Қырғызстан басшысы «Қазарман ГЭС-тері» каскады мен Қамбар-Ата ГЭС-1 пайдалануға берілгеннен кейін ел өзінің электр энергиясына деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші мемлекеттерге электр энергиясын экспорттайтын елге айналатынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда 2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін энергетика саласында төтенше жағдай режимі енгізілген. Сондықтан елдің электр энергиясын экспорттау мүмкіндігі жаңа ірі гидроэнергетикалық жобалар аяқталғаннан кейін, яғни 2031 жылдан кейін күтіледі. 

Айта кетелік Қытай Қырғызстанның «жасыл» энергетикасына 1 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын.