Қырғызстан электрлі самокат пен скутерлерге арналған жол жүру ережесін әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM - Ел үкіметі электроскутерлердің, электрлі скейтбордтардың және гидроскутерлер жұмысын реттеу тәртібін бекітті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ережеге сәйкес, жеке мобильді көліктер тіркеу белгісімен, фонармен, артқы тежегіш шамдармен, алдыңғы және бүйіріндегі шағылыстырғыштармен, 25 км/сағ-қа дейін жылдамдық шектегішпен жабдықталуы керек. Сондай-ақ жалға берушіде көліктерді жалға беретін мобильді қосымшасы болуы керек.
Жеке мобильді көлік пайдаланушы жалға берушімен келісімшарт жасайды. Құжаттың шарттары құралды пайдаланушының құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, жалға берушінің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, құпиялылық саясатын және пайдаланушының жеке деректерін өңдеуді, тарифтерді, қызмет бағасын анықтау тәртібін анықтайды.
Көлік құралы жалпыға ортақ аумақта 3 сағаттан астам қалдырылған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар оларды арнайы сақтау орнына ауыстыруға құқылы. Алайда олардың қайтарылуына ақы алынады.
Пайдалану ережелерін, жол қозғалысы ережелерін бұзған немесе үшінші тұлғаларға зиян келтірген жағдайда клиенттер Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
Бұған дейін Екібастұзда жеңіл көлік пен скутерлер соқтығысып, төрт жасөспірім зардап шеккенін жазған едік.