Қырғызстан электронды темекі импорттауға салынған тыйымды ұзартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда құрамында никотин сұйықтығы бар электронды темекі импортына тыйым салуды жарты жылға ұзарту ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кыргызстан намерен продлить запрет на ввоз электронных сигарет
Фото: Kazinform

Тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. 

Бұл шара никотинге тәуелділіктің таралуын тежеу, азаматтардың, әсіресе жастардың денсаулығына келетін зиянды азайту және темекі мен никотин өнімдерін тұтынудан туындайтын аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынған.

Құжатқа сәйкес, шектеу мына өнім түрлеріне қатысты:
* ЕАЭО СЭҚ ТН 2404 12 000 0 коды бойынша жіктелетін, никотинді сұйықтығы корпусына біріктірілген электронды темекілер мен никотин жеткізуге арналған құрылғылар;
* Осы код бойынша жіктелетін, электронды темекілерге арналған картридждерде, резервуарларда және өзге де ыдыстарда болатын никотинді сұйықтықтар.

Мемлекеттік кеден қызметінің мәліметінше, 2024 жылы елге аталған өнімнің 60 тоннадан астамы импортталған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,4 тоннаға дейін азайса, 2026 жылы ресми импорт көлемі 0 тоннаны құрады.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда 2025 жылғы 1 шілдеден бастап құрамында никотині бар сұйықтық қолданылатын электронды темекілерді елге әкелуге, сатуға және пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енді.

Бұған дейін елімізде вейп және басқа никотин құрамдас бұйымдарға қарсы күрес шаралары күшейтілгені хабарланған болатын.