Қырғызстан энергетикалық тәуелділіктен қашан арылады

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстанның энергетика министрі Таалайбек Ибраев елде электр энергиясы тапшылығы болмайтынына сендірді. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Когда Кыргызстан станет энергонезависимым
Фото: Минэнерго

- Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығы болмайды. Біз жай ғана тиімді пайдалануға шақырамыз,- деді министр.

Министрдің айтуынша, Қырғызстан электр энергиясын жылдағыдай көрші елдерден 3 сом бағамен импорттайды және оны тұрғындарға 1 сом 37 тиын бағамен жеткізеді. Құн айырмашылығы тағы да Қырғызстанның Ұлттық электр желісінің балансында қарыз ретінде жинақталады.

- Осыған байланысты президент импортты азайтуды, энергияны үнемді пайдалануды және қалған 25 миллиард сом қарызды келесі жылы өтеуді тапсырды. Біз қарыздарымызды толық өтеп, келесі жылдан бастап пайда табуды жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша, 2028-2029 жылдың қысына қарай елге электр энергиясын импорттаудың қажеті болмайды, - деп мәлімдеді Таалайбек Ибраев.

Айта кетейік, Қырғызстан энергетика саласында 2023 жылдың 1 тамызынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін төтенше жағдай жарияланды.

2025 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның энергетика министрі «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында азаматтарды алдағы ең қиын қыс туралы ескертіп, электр энергиясын үнемдеуге шақырды. Қазіргі уақытта ел өндіргеннен көп электр энергиясын тұтынады. Тапшылық көрші елдерден электр энергиясын импорттау арқылы жабылады.

Электр энергиясын үнемдеу үшін сағат 18:00-ден 06:00-ге дейін үй ішіндегі және сыртқы жарықтандыру және үкіметтік ғимараттарда электр құрылғыларын пайдалану шектелді. Мектептерде энергия үнемдеу шаралары енгізілді.

Заң талаптарына сәйкес және энергияны үнемдеу мақсатында Бішкектегі барлық мәдени және ойын-сауық орындары сағат 22:00-ден кейін жабылады.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбайев энергетика саласындағы жағдай үшін Қырғызстан билігін сынға алды.

Елдегі электр энергиясы тапшылығының себебі туралы мына жерден оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар