Қырғызстан халқының саны 7 млн 337 мың адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі тұрақты халық саны 7 млн 337 мың адамды құрады, деп хабарлайды Кабар.

Бұл туралы Қырғыз Республикасы Ұлттық статистика комитеті мәлім етті.
2025 жылдың қаңтар–маусым айларында халық саны 55,6 мың адамға немесе 0,8 пайызға өскен.
Осы кезеңде Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдарында 65 мың нәресте тіркелген, бұл 1000 тұрғынға шаққанда 17,9 көрсеткішін құрайды (2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш — 19,3 болған).
Ал қайтыс болғандар саны 16,1 мың адамды құрады, бұл 1000 адамға шаққанда 4,4 (2024 жылдың сәйкес кезеңінде — 4,5 болған).
2025 жылдың алғашқы алты айында Қырғызстандағы табиғи өсім 48,9 мың адамды құрап, 1000 тұрғынға шаққанда 13,5 болды (2024 жылы — 14,8).
Ең жоғары табиғи өсім Баткен, Ош және Жалал-Абад облыстарында тіркелді.
Ең төмен көрсеткіштер Бішкек қаласы мен Ыстықкөл облысында байқалды.
Осыдан бұрын Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданғанын жазған едік.