Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан өкілдері Қамбарата-1 су электр станциясы жобасына қатысты кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстамбұл қаласында Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қырғыз Республикасы, Қазақстан және Өзбекстан өкілдерінің қатысуымен Камбарата-1 су электр станциясын салу жобасы бойынша техникалық кездесу өтті.

ы
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Келіссөздерге Қазақстан тарапынан Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев пен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев қатысты.

Кездесу барысында Қырғыз Республикасындағы Нарын өзенінде қуаты 1 860 МВт болатын Қамбарата-1 су электр станциясын салу жобасын іске асырудың алдағы қадамдары талқыланды. Жоба үш мемлекеттің үкіметімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және өңірлік су-энергетикалық ынтымақтастықты дамытуда стратегиялық маңызға ие.

а
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Тараптар жобаны іске асыруға қатысты негізгі техникалық мәселелерді қарастырып, бірлескен жұмыстың алдағы бағыттары жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

ҚР Энергетика министрлігі мәліметінше, Қамбарата-1 су электр станциясын іске асыру Орталық Азияның энергетикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ энергетика және су ресурстарын ұтымды пайдалану салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады.

Өткен кездесу Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның өңірдің су-энергетика секторын орнықты дамытуға бағытталған бірлескен жобаны ілгерілету жолындағы өзара іс-қимылының кезекті маңызды кезеңі болды.

Қырғызстандағы «Қамбарата-1» су электр станциясының құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік.