Қырғызстан көлеңкелі экономикамен күреске бет бұрды - сарапшы
Соңғы аптада қырғызстандық кәсіпкерлердің елдегі салық өзгерістеріне қарсы наразылықтары жиіледі. Қырғыз саясаттанушысы Бақыт Бакетаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында елде жүргізіліп жатқан салық реформасы, сондай-ақ саудагерлердің жаңа салық режимін енгізумен келіспеуінің себептері туралы айтты.
Сарапшы президент Садыр Жапаров басқаратын жаңа билік сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономикамен күресудің жаңа бағытын белгілегенін айтады.
- Биылғы жылдың басты жетістігі салық көлемін бес есе арттыру болды. Желтоқсанға қарай Қырғызстанның ЖІӨ 1 триллион сомнан асты, - деді саясаттанушы.
Бақыт Бакетаевтың пікірінше, өткен 30 жыл ішінде Қырғызстан азаматтары бай кедей елге айналды. Бұған жан басына шаққандағы қымбат автомобильдер, элиталық үйлер, туристік сапарлар және басқа да брендтік заттар статистикасы дәлел бола алады.
– Ресми дерекке сүйенсек, елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 1200 доллардан асады. Сонымен қатар, көлеңкелі қаржы ағындарын ескерсек, бұл көрсеткішті шамамен беске көбейтуге болады. Қырғызстанда көп жылдар бойы ірі көтерме жеткізушілер тарапынан нарыққа жеткізілетін тауар көлемі мен бөлшек саудада сатылатын тауар көлемінің арасында үлкен айырмашылық бар, - деді ол.
Саясаттанушы сауда-саттық қызметіне кассалық бақылау машиналарын енгізуді жою - өткенге оралумен бірдей деп есептейді. Әлемнің барлық дамыған елдерінде тауарлар қозғалысын есепке алу кассалық бақылау машиналары арқылы жүзеге асырылады, одан басқа әдісті әлем әлі ойлап тапқан жоқ. Осыған байланысты Қырғызстанның Министрлер Кабинеті мемлекеттің көлеңкелі экономикасын жарыққа шығару бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
- Үкімет кәсібін жаңа бастағандарға, шағын және орта бизнесмендерге сегіз миллион сом айналымға дейінгі патентпен жұмыс істеуге мүмкіндіктер береді, тіпті кассалық бақылау машиналарын пайдаланған жағдайда нөлдік мөлшерлеме бар, алайда нарықтың белгілі немесе көптеген ірі қатысушылары нақты қаржы ағындарын көрсеткісі келмейді. Елде барлық бағытта ауқымды реформалар жүріп жатыр, бұл жағдайда экономикаға кері әсерін тигізуші біраз кәсіп иелері анықталуы тиіс, - деді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанда қараша айының соңынан бастап бүкіл ел бойынша жаңа салық режиміне қарсы саудагерлер митингілері өтуде. Кеше ел президенті Садыр Жапаров ірі «Дордой» базарының сауда орындары иелерінің митингісіне қатысып, кәсіпкерлер үшін сауда саласындағы патенттік жүйе 2024 жылдың шілдесіне дейін ұзартылатынын мәлімдеді.