Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары бірлескен үш ірі жобаны іске қосты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қырғызстан президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёев бірлескен қырғыз-өзбек жобаларын іске қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары бірлескен үш ірі жобаны іске қосты
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шу облысында коммерциялық техника мен жеңіл көлік құрастыратын «Тұлпар Моторс» зауыты ашылды. 4,7 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында 500 адам қызмет етеді.

Онда «Cobalt», «Оnix», «Tracker» маркалы теміртұлпарлармен қатар, «SamAuto» сияқты жүк көлігі құрастырылады.

Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары бірлескен үш ірі жобаны іске қосты
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Қара-Балта қаласында мата және трикотаж бұйымдарын жасайтын фабриканың жұмысы басталды. Кәсіпорын жылына 17 мың тонна тоқылған мата мен 7 млн дана трикотаж шығаруға қауқарлы.

Қырғызстан мен Өзбекстан
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Бұған қоса, Өзбекстанның Ферғана және Наманған облыстарында әрқайсысының қуаты 200 МВт болатын екі күн электр станцияның құрылысы басталды. Онда өндірілетін электр энергиясының бір бөлігі Қырғызстанға бағытталмақ.

Еске салайық, бұл күндері Қырғызстан президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары өтіп жатыр.