Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында электронды кезек жүйесі енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қырғыз-өзбек шекарасындағы «Достық» өткізу бекетінде электронды кезек жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында электронды кезек жүйесі енгізілді
Фото: Қырғыз Республикасы Экономика және сауда министрлігі

Қырғызстан Республикасының Экономика және сауда министрлігінің хабарлауынша, қабылданған шаралар шекарадан өту уақыты мен шығындарын қысқартуға, әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға және тауарлардың еркін қозғалысы үшін жағдай жасауға бағытталған. Бұл тауар ағынының өсуіне ықпал етеді және экономиканың дамуына септігін тигізеді.

Ведомство вице-министрі Ескендір Асылқұловтың айтуынша, көлік ағынын басқарудың электронды жүйесі процедураларды жеңілдетеді. Бизнес пен тасымалдаушылардың шығындарын азайтып, сауда процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.

- Бұл оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған экономиканың цифрлық трансформациясының кеңірек стратегиясының бір бөлігі, - деп атап өтті шенеунік.

Ведомство былтыр қараша айында «Қызыл-Қия автожол» бақылау-өткізу бекетінде жүйе пилоттық режимде іске қосылып, жоғары тиімділік көрсеткенін хабарлайды. Жүк көлігінің кептелісі жойылып, алдын ала тіркеу, күту орнында бөлу және кезек тәртібін қатаң сақтаудың арқасында реттелген қозғалыс қамтамасыз етілді. Сондай-ақ іргелес жолдардағы жүктемені азайтуға және тасымалдаушылардың тәртіп деңгейін көтеруге мүмкіндік туды.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Қарқыра-автожол» өткізу бекетінің тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкені туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар