Қырғызстан оң рульді көліктердің Бішкекке кіруіне тыйым салмақшы

АСТАНА.KAZINFORM — Бішкектегі кептеліс мәселесін шешу үшін Қырғызстан парламентінің депутаты Эльмурза Сатыбалдиев ел астанасы әкімдігіне оң рульді көліктерге тыйым салуды ұсынып отыр.

Қырғызстан оң рульді көліктердің Бішкекке кіруіне тыйым салмақшы
Фото: Pixabay.com

Парламентшінің айтуынша, көлік жүргізу мәдениетін арттырып, жалпы ережелерді сақтау қажет. Жол қозғалысы ережелерінде сол жақ рульді көліктер жолдың оң жағымен жүруі белгіленген. Сонымен қатар, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуді енгізу маңызды. Жағдайы талапқа сай келмейтін ақаулы көліктер қалада апаттық жағдай туғызып, кептелістерге әсер етеді.

— Қала әкімшілігі оң рульді көліктердің ел астанасына кіруіне тыйым салу туралы шешім қабылдауы мүмкін деп ойлаймын. Қала сыртында үлкен автотұрақтар салу керек. Бішкекке жеткен азаматтар көліктерін тұраққа қалдырып, қоғамдық көлікпен сапарын жалғастыра алды. Кептеліспен күресуге септігін тигізетін бұл идеяны әкімдікке қарастыруды ұсынамын, — деп өз пайымымен бөлісті депутат.

Өз кезегінде Бішкек мэрі Айбек Джунушалиев оң рульді көлік иелері мұндай шешімді өз құқықтарын бұзу ретінде қабылдауы мүмкін екенін атап өтті.

— Әрине, ел астанасына оң рульді және ақауы бар көліктердің санын азайту жағдайды жеңілдететін еді. Дегенмен, азаматтардың құқықтарын ескеріп, басқа да заңдарға сәйкес әрекет ету керек. Әкімдік бұл мәселені өз бетімен шеше алмайды, — деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Қырғызстанда шетелдік көліктер заңдастырылатыны хабарланған болатын.

Қырғызстанда көлік салығы жоқ, жер салығының мораторийі 2030 жылға дейін ұзарды.

Соңғы жаңалықтар