Қырғызстан президенті күш-қуат құрылымдарын бизнеске қысым жасауды тоқтатуға шақырды

 АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров республикалық кеңес барысында құқық қорғау органдары мен күш-қуат құрылымдарынан адал кәсіпкерлерге негізсіз тексеру мен қысым көрсетуді тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Садыр Жапаров
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстан президенті елдің ішкі және сыртқы инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру жағдайында бизнеске негізсіз қысым көрсетуге жол берілмейді.

— Мемлекеттің дамуына үлес қосып отырған адал бизнес жан-жақты қорғалуы тиіс. Кәсіпкер қорқыныш пен қысым жағдайында жұмыс істеген жерде экономикалық өсім болмайды. Бұл мемлекет пен халыққа зиян келтіреді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жергілікті билік өкілдерін, әкімдерді, кәсіпкерлерді негізсіз тексеруді тоқтатуы керек. Олардың жұмысына араласуды, есеп талап етуді, артық бақылау жүргізуді және негізсіз кабинеттерге шақыруды доғарыңдар, — деп талап етті Садыр Жапаров.

Президент жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшыларына қарата ұрлық-қарлық пен сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, ашық әрі адал жұмыс істеуге шақырып, жауапкершілік бар екенін ескертті.

Осыған дейін Қырғызстан билігі Тергеу комитетін құруды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум