Қырғызстан президенті никаб пен паранжа киюге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында бетті толық жабатын киімді киюге тыйым салу мәселесі жөнінде пікір білдірді.

р
Фото: pixabay

Мемлекет басшысының айтуынша, жақында елде дін саласын реттейтін заң қабылданған. Соған сәйкес, дінге сенушілердің құқықтарына қатысты барлық мәселе муфтият пен ғұламалар кеңесіне тапсырылған. Билік діни мәселелерге араласа алмайды. Муфтият Құран мен хадистерге сүйене отырып, діни білімге негізделген пәтуалар шығарады, ал бұл пәтуаларды ел аумағында міндетті түрде орындау қажет.

Садыр Жапаров әйелдердің хиджаб, никаб және паранжа кию мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді:

— «Хиджаб» сөзі қырғыз тілінде жай ғана «жаулық» дегенді білдіреді. Жаулық — ежелден келе жатқан аналарымыздың, әпке-қарындастарымыздың дәстүрлі бас киімі. Әйел оны қалай тақса да — бұл оның жеке ісі. Орап таға ма, иегі астынан байлай ма — бастысы, беті ашық болуы керек. Никаб — көзден басқа жердің бәрін жабатын бас киім. Ал паранжа — бетті толықтай жабады. Оларды киюге муфтият шешімімен тыйым салынған. Азаматтарымыз муфтияттың пәтуасын орындауға міндетті. Біздің дәстүрімізде әйелдер ешқашан паранжа кимеген, сондықтан бұл мәселені дауға айналдырудың қажеті жоқ, — деді президент.

Садыр Жапаровтың пікірінше, құқық қорғау органдары беті ашық әйелдерді (яғни жай жаулық таққандарды) тоқтатпауы керек.

— Бетті толықтай жауып тұратын никаб пен паранжаға келсек, біз бұл мәселеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән беруіміз керек. Бұл — биліктің бастамасы емес, Қырғызстан мұсылмандары үшін муфтият бекіткен ереже. Мемлекет бұл мәселеге бейжай қарамауы керек, керісінше, осы ережелердің орындалуына көмектесуі тиіс. Жалпы, барлық мәселеде муфтияттың пәтуаларын орындауға қолдау көрсетуіміз керек, — деді қырғыз көшбасшысы.

Еске салайық, Қырғызстанда биыл қаңтар айында қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киімді киген азаматтарға 20 мың сом (117 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қырғызстанда ақ қалпақ және ұлттық киім күні аталып өтті.

Соңғы жаңалықтар