Қырғызстан президенті парламент сайлауын өз бақылауына алмақ
АСТАНА.KAZINFORM – Қырғызстан билігі ел тарихында ашық әрі әділ сайлау өткізуге бар жағдайды жасады. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров халыққа Жолдауында айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан президенті парламент сайлауын жеке өзі бақылауға ниетті.
Қырғызстан басшысы 25 қыркүйекте парламент өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдағанын, ал 30 қыркүйекте VIII шақырылған Жогорку Кенештің (Парламент) сайлауын 2025 жылғы 30 қарашаға белгілеу туралы жарлыққа қол қойылғанын атап өтті.
Садыр Жапаров сайлаушылар алдында сөйлеген сөзінде халықты әділ дауыс беруге шақырды.
- Соңғы 30 жылда әртүрлі депутаттарды көрдіңіздер, жақсы да, жаман да, популистер де, демагогтар да, дауыс көтергендер де, шешендер де, байлар да, кедейлер де, дауысты сатып алушылар мен сатушылар да болды. Алдағы сайлауда тек лайықты депутаттарға дауыс берулеріңізді сұраймын. Біз, үкімет, сайлауларыңызды әділ өткізу үшін барлық жағдайды жасадық. Бұл жолы нағыз халық қалаулыларын – өз өкілдеріңізді сайлаңыздар, - деді ол.
Қырғыз Республикасының Президенті алдағы парламенттік сайлауды басынан аяғына дейін төреші ретінде жеке өзі қадағалайтынын мәлімдеді.
-Егер қандай да бір округте әділетсіз әрекеттер анықталса, мен Орталық сайлау комиссиясының тексеруіне жеке қатысамын немесе комиссия құрып, сол жерге өзімнің сенімді өкілдерімді жіберемін. Әрбір іс әділ қаралады. Дамыған елдер сияқты өркениет биігіне ұмтылайық. Экономиканы, қорғанысты, қауіпсіздікті нығайтайық. Халық таңдаған кандидат жеңуі керек. Біз халық сайлаған депутаттармен жұмыс істеуге дайынбыз, - деді Қырғыз Республикасының басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының басында Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенеші (парламент) депутаттарының бастамашыл тобы парламентті таратуға, содан кейін мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырған болатын.
Қыркүйектің 23-і күні Жоғарғы Кеңестің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және Регламент комитеті 7-ші шақырылымды тарату туралы ұсынысты мақұлдады.
Бұған дейін Қырғызстанда парламентті тарату мәселесі неге көтерілгені туралы жазған едік.