Қырғызстан ірі қара, жылқы, қой мен ешкіні елден шығаруға тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз Республикасы аумағынан ауыл шаруашылығы жануарларын шетелге шығаруға алты ай мерзімге уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Кабар.

мал
Фото: ҚР Үкіметі

Тиісті қаулыға министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев қол қойды.

Бұл шешім елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған.

Тыйым ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына (ТН ВЭД) сәйкес келетін мына кодтармен белгіленген жануарларға қатысты:

  • Ірі қара мал – код 0102

  • Жылқы – код 0101

  • Қой мен ешкі – код 0104

Алайда бұл тыйым келесі жағдайларға қолданылмайды:

  • Қырғызстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау;

  • Спорттық жарыстарға қатысу үшін шығарылатын жылқылар;

  • Шетел мемлекеттеріне, халықаралық ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға сыйға берілетін жылқылар.

Экономика және коммерция министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне, Мемлекеттік кеден қызметіне, Ауыл шаруашылығы, су ресурстары және өңдеу өнеркәсібі министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметіне – ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз экспорттаудың алдын алу бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Қаулы ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда ет бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданған билік шараларының нәтижесінде мал экспорты екі еседен астам азайды.

Соңғы жаңалықтар