Қырғызстан «Рэкетир 3» фильмін көрсетуге неге тыйым салды – «Кыргызтасмасы» жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – «Кыргызтасмасы» мемлекеттік кино орталығы «Рэкетир: Жаңа уақыт» фильмінің прокаттан алыну себебін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аталған орталық директоры Талантбек Толобековтің дерегінше, қазақстандық фильм «Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, зияткерлік, психологиялық, рухани және адамгершілік дамуына зиян тигізудің алдын алу шаралары туралы» қырғыз заңы негізінде прокаттан алынған. Өйткені, бүгінде қырғыз мектептерінде бопсалаушылық деректері жиілеп тұр. Осы жайтты қаперге алған орталық мамандары 2025 жылдың 3 ақпанында «Рэкетир: Жаңа уақыт» фильміне берілген №29 прокаттау куәлігін 21 ақпаннан бастап қайтарып алу туралы шешім қабылдаған. Тыйым Қырғызстандағы барлық кинотеатрға меншік нысанына қарамастан қолданылады.
- Соңғы уақытта ерегес, көшедегі бұзақылық әрекет салдарынан балалардың өлімі жиілеп кетті. Бұл қалай дегенде де қоғамымызға, мәдениет қайраткерлеріне маңызды белгі. Біз трансформацияланып, дәстүрлі құндылықтарымызға барынша ілгерілеуіміз қажет. Осының негізінде кино орталық мамандары фильмнің прокаттау куәлігін қайтарып алу туралы шешім қабылдады, - деп түсіндіреді ол.
Оның атап өтуінше, орталық прокаттау куәліктерін жиі қайтарып алады. Бұл фестивальдерде көрсетілуге ұсынылған, сонымен қатар прокатқа шыққан фильмдерде тыйым салынған дүниелер өте көп болған жағдайда қолданылады.
- Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы тағы бір қазақстандық туынды – «Дәстүр» фильміне берілген рұқсат қайтарып алынды. Онда да тыйым салынған дүние көп болды. Қазір ұрпақтың болашағын, өсіп келе жатқан жастардың үлкен экраннан құндылықтар жайлы дұрыс түсінік алғанын ойлау маңызды. Бұл трилогия болғандықтан мәнмәтіні қиылып қалуы және дұрыс берілмеуі мүмкін. Фильм жас ұрпақты теріс қылыққа итермелеуі ықтимал, - деді Талантбек Толобеков.
Оның айтуынша, Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыспен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан кинематографистері қырғыз тарапына ренжімеуі керек.
- Ұйымдасқан қылмыспен күрес барлық бағытта жүргізіліп жатыр. Түсіністік таныту қажет. Біз Қазақстан режиссері Ақан Сатаевты жақсы көреміз әрі бағалаймыз. Оны Қазақстанның талантты кинорежиссерлерінің бірі санаймыз. 2023 жылы қырғыз прокатында Қазақстан фильмі болмағанын атап өткім келеді. Ал 2024 жылы кино орталықтың бастамасымен Қазақстанның 9 туындысы шықса, осы жылдың басынан көрермен назарына 3 фильм ұсынылды. Қырғызстанда ай сайын Қазақстан фильмдерінің тұсаукесері өтеді. Көрсетілімге мүлдем тыйым салынбайды, біз ықпалдастықты қолдаймыз. Қырғыз фильмдерінің Қазақстан нарығында табысқа жетіп жатқаны қуантады. Бұл жерде де көрермен Қазақстан туындыларын жылы қабылдайды. Қырғыз бен қазақ киносының гүлденуі бір уақытқа сай келеді. Біздің тарландарымыз бен классиктеріміз бірге жұмыс істеді. Екі елдің ықпалдастық процесі мұнан ары да дами түседі деп ойлаймын, - деді кино орталық директоры.
Еске салсақ Қазақстан қалаларында киноға билет қанша тұратыны туралы жазған едік.