Қырғызстан СІМ өлім жазасын қайтару мәселесіне қатысты түсінік берді

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі өлім жазасын қайтару мәселесі бойынша ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

МИД Кыргызстана прокомментировал вопрос невозможности возврата смертной казни
Фото: ҚР СІМ

Қырғызстанда кәмелетке толмаған қызды зорлап өлтіру ісі қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін президент Садыр Жапаров балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан әйел адамды өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын енгізуді тапсырған еді. Кейін президент әкімшілігі осы қылмыстарға өлім жазасын қарастыратын Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Желтоқсан айының басында Қырғызстан Республикасының президентінен Конституциялық сотқа «Қырғызстан Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасына қорытынды беру жөнінде ұсыныс түсті. 

Заң жобасында Конституцияның 25-бабының 1-бөлігінде өзгеріс енгізу ұсынылады. Ол бойынша балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы аса ауыр қылмыстарға және зорлық-зомбылық жасап, кісі өлтіргендерге өлім жазасын ерекше жаза шарасы ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Қырғыз Республикасының Конституциялық соты өлім жазасын қайта енгізу құқықтық тұрғыда да, жалпы алғанда да мүмкін емес және жол берілмейді деп есептейді. 

СІМ Қырғызстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына қосылу арқылы өлім жазасын қайта енгізбеу немесе оған еш жағдайда жүгінбеу туралы мерзімсіз міндеттеме алғанын еске салды.

— Мұндай жағдайда ішкі заңнамаға өлім жазасын енгізу Қырғыз Республикасын сөзсіз өзінің шарттық міндеттемелерін бұзатын мемлекет жағдайына қояды. Бұл халықаралық құқықтың конституциялық түрде бекітілген мойындалуына және халықаралық шарттарды адал орындау қағидатына сәйкес келмейді.
Қырғызстан құқықтық мемлекет ретінде барлық халықаралық міндеттемелерін адал орындауын жалғастырады. Сонымен қатар осы міндеттемелердің бөлігі ретінде балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар үшін жазаны күшейту мақсатында ұлттық заңнамаға түзетулер енгізу жұмыстары жалғасады, - деп қосты СІМ. 

Бұған дейін Қырғызстанның Конституциялық соты өлім жазасын қайтаруды қолдамағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар