Қырғызстан Суданда атып түсірілген жүк ұшағына қатысты жағдайға түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Суданда атып түсірілген жүк ұшағының Қырғызстанға қатысы жоқ. Бұл туралы Қырғызстанның «Манас» халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Судандағы ұшақ апаты кезінде табылған «Манас» халықаралық әуежайы» ААҚ құжаты (тархетка) «Манас» әуежайының қызметкері болмаған «Airline Transport Incorporation FZC» компаниясының қызметкері, Ресей Федерациясының азаматы Виктор Грановқа тиесілі. Аталған тұлға 2024 жылдың мамыр айында «Манас» әуежайынан Ош халықаралық әуежайына АН-12 ұшағын ұшырып жеткізу үшін шақырылған. Алайда оның жұмысбастылығына байланысты ұшыру жүргізілген жоқ.
«МХӘ» ААҚ мұндай тархеткаларды өз қызметкерлеріне ғана емес, сондай-ақ әуежаймен жасасқан келісім негізінде ынтымақтасатын барлық компанияларға беретіні атап өтілді. Бұл адамдардың өздерінің жұмыстағы міндеттерін орындау үшін әуежай терминалы мен перронға кедергісіз өтуі үшін жасалған.

«Борттық нөмірі EX 76 011 құлаған ұшақ «Рим стайл» компаниясына тиесілі болды. 2024 жылы бұл ұшақ мысырлық «New Way Cargo Airlines ST-JLN» компаниясына сатылды және оның Ошта тіркелген «Airline Transport Incorporation FZC» компаниясына қатысы жоқ», - деп хабарлады Бішкек әуежайынан.
Бұған дейін БАҚ-та Суданда Қырғызстанмен байланысы бар жүк ұшағының апатқа ұшырағаны туралы ақпарат тарады.