Қырғызстан ұйымдасқан қылмыстан азат етілді – Қауіпсіздік комитеті
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев мемлекет мүддесі үшін қылмыстық әлем серкесі Камчы Көлбаевты өлтіру туралы шешім қабылдауға мәжбүр болғанын және Қырғызстанның ұйымдасқан қылмыстан азат елге айналғанын айтты.

– Елде ұйымдасқан қылмыстың күшейгені сонша, «заңдағы ұрылар», «қамқоршылар», «қадағалаушылар» тұтас ел бойынша билік орнатып алды. Олар да мемлекеттегідей жүйе құрған болатын, «президенті» – «заңдағы ұры», ал қалаларда, облыстарда, аудандарда «қамқоршылар» мен «қадағалаушылар» болды, олар кәсіпкерлер мен басқа азаматтардан ақша жинап отырды. Олардың құрылымы өте қуатты болды, – деді ол Бішкектегі жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесуінде.
Камчыбек Ташиев өз сөзінде ұйымдасқан қылмысты жою үшін мәжбүрлі шараларды қабылдағанын айтты.
– Сіздер көз жеткізу үшін шындықты ашық айтайын. Маған «заңдағы ұрының» көзін жою туралы шешім қабылдауға тура келді. Мемлекет үшін. Сондықтан осы шешімді қабылдадым. Біз оның көзін жойдық, кейін оның серіктестері мен басқа да ұйымдасқан қылмыс мүшелерін жойдық. Бүгінде еліміз бұл былықтан босады. Мемлекетте ұйымдасқан қылмыс жоқ. Қырғызстан – Орталық Азияда ғана емес, тіпті посткеңестік елдер арасында ұйымдасқан қылмысы жоқ жалғыз мемлекет. Қазір кәсіпкерлер бұрынғыдай ешкімге ақша төлемейді, – деп атап өтті арнайы қызмет басшысы.
ҰҚМК төрағасы ұйымдасқан қылмыстық топтардың мемлекет кірісінен миллиардтаған доллар иемденгенін жеткізді.
– Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қолында орасан зор қаражат болды. Біз олардан доллармен есептегенде миллиардтаған қаржыны тартып алдық. Қазір олардың ештеңесі қалған жоқ. Болашақта елде ешқандай ұйымдасқан қылмыс та, бандиттер де болмайды, – деп сендірді ол.
Еске сала кетсек, 2023 жылы қазан айында Бішкекте арнайы операция кезінде қылмыстық авторитет Қамшы Көлбаев қаза тапты.
Қырғызстанның 50 кеден қызметкері Камшы Көлбаевпен байланысы үшін жұмыстан шығарылды.
Жедел-іздестіру шарасының барысында құны 500 мың АҚШ доллары болатын асылтұқымды жылқылар тәркіленді.
Қырғызстанның экс-премьер-министріне Көлбаев қылмыстық тобы сыйлаған люкс бронды көлік тәркіленді.
Көлбаевтың 720 пәтері мемлекет меншігіне өтті.
Сондай-ақ, Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы Қаракөлде тау шаңғы базасын салуды жоспарлаған.