Қырғызстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Құжатқа қол қою салтанаты 26 қыркүйек күні Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Халықаралық ядролық қаруды жалпы жою күніне арналған жоғары деңгейлі пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев ядролық қарусыздану және таратпау мемлекеттің сыртқы саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
— Қырғызстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойған мемлекеттер тізіміне қосылды және бұл қадам елдің халықаралық қауіпсіздікті нығайту және таратпау жөніндегі міндеттемесінің жалғасы, — деді дипломат.
Орталық Азияның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өткен Жээнбек Кулубаев Қырғыз Республикасы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың депозитарийі және жыл сайын 5 наурызда атап өтілетін Қарусыздану және таратпау жөніндегі халықаралық ақпарат күнін өткізудің бастамашысы екенін алға тартты.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау және орта державалардың рөлін күшейтуге шақырғаны хабарланған болатын.