Қырғызстан заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлағандай, заңсыз көші-қонға қарсы күрес аясында 10 маусымнан кейін Қырғызстанда барлық құқық қорғау органдарының қатысуымен «Нелегал» операциясы басталады. Осыған байланысты шетелдіктерге елдегі мәртебесін заңдастыру немесе елден шығу ұсынылды 

Қырғызстан заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейтті
Фото: Canva

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәліметінше, елде шамамен 5 мыңға жуық заңсыз мигрант бар. Биылғы жылдың басынан бері Қырғызстанға 61 мың турист, 30 мың студент, 12 мың ресми еңбек мигранты және өзге санаттағы 10 мың шетел азаматы келген.

— Көптеген шетелдіктер мен оларды шақырушы тараптар елге кірудің жеңілдетілген тәртібін теріс пайдаланып отыр. Олар Қырғызстанға турист немесе студент ретінде келіп, іс жүзінде заңсыз еңбекпен айналысады. Жұмыс берушілер мемлекеттік алымнан жалтару үшін шетелдіктерді виза мерзімін уақтылы ұзартпай жұмысқа алады, бұл көші-қон заңнамасын бұзу болып саналады, — деп хабарлады ҰҚМК.

Елге заңсыз еңбек мигранттарының жаппай қоныстануының алдын алу, көші-қон рұқсаттарын беру және рәсімдеу барысында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, көші-қон ағымдарын реттеу және жетілдіру мақсатында Қырғыз Республикасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «ҚР-дағы көші-қон үдерістерін оңтайландыру шаралары туралы» Президент Жарлығы іске асырылып жатыр.

Аталған жарлық аясында 2025 жылғы 10 маусымға дейін Қырғызстанда көші-қон заңнамасын бұза отырып жүрген барлық шетел азаматы өз мәртебесін заңдастыруы немесе елден кетуі тиіс.

Бұған дейін Қырғызстанда шетел азаматтарының заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны хабарланған болатын. 2024 жылғы 5 қыркүйектен бастап визасыз режимі бар шетел азаматтарын тіркеудің жаңа тәртібі күшіне енді. Сонымен қатар, шетелдік студенттерге қатысты жоғары оқу орындарының ректорларының жеке жауапкершілігі күшейтілді.

Айта кетелік Қырғызстанда есірткіге байланысты қылмыс үшін жаза қатаңдатылғаны туралы жазған едік

 

Соңғы жаңалықтар