Қырғызстан жанар-жағармай бағасын ұстап тұру үшін 1 миллиард сом субсидия бөлді

АСТАНА.KAZINFORM - Мемлекет елге жанар-жағармай материалдарын жеткізуді субсидиялауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды агенттіктің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Кыргызстан выделил около 1 млрд сомов субсидий для удержания цен на ГСМ
Фото: Кабар

Қырғызстан Министрлер Кабинетінің хабарлауынша, Қырғызстанға мұнай өнімдерін импорттайтын компанияларға жанар-жағармай материалдарының нақты құны мен олардың бөлшек сауда бағасы арасындағы айырмашылықты өтеу үшін 956 139 000 сом бөлінді. Мұнай өнімінің түріне байланысты айырмашылық литріне шамамен 20-дан 40 сомға дейін.

- Бензин сатуға субсидия беру - халық пен экономика салаларын мемлекеттік қолдаудың тиімді шарасы. Елдегі жанар-жағармай материалдарының нақты құны мен бөлшек сауда бағалары арасындағы айырмашылықты субсидиялау жұмыстары жалғасады, - деді Министрлер Кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымәлиев.

Үкімет мемлекеттік субсидиялар уақытылы берілетіндіктен, аймақтардағы барлық компаниялық жанар-жағармай құю станциялары ешқандай шектеусіз толық жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты органдарға:
* елге мұнай өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету;
* жағдайды бақылауды күшейту;

* мұнай өнімдері секторында жұмыс істейтін компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнату;

* жаңа импорттық келісімдер жасау;

* жаңа импорттық тетіктерді қарастыру;

* мемлекеттік шекарадағы логистикалық мәселелерді шешу;

* мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды белгіленген мерзімде аяқтау;

* қажетті шараларды уақытылы қабылдау.

Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Қырғызстан ресми түрде жанар-жағармай импорттаушыларына уақытша субсидиялар мен отын бағасын мемлекеттік реттеуді енгізді.

Сондай-ақ Қырғызстанда жанар-жағармайға салынатын салықты уақытша төмендету ұсынылды.