Қырғызстан жанар-жағармайға берілетін субсидия мерзімін тағы ұзартуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан үкіметі жанар-жағармай материалдарын импорттау мен өткізуге берілетін субсидия мерзімін 2027 жылғы 31 наурызға дейін ұзартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстан жанар-жағармайға берілетін субсидия мерзімін тағы ұзартуы мүмкін
Фото: Кабар

Осыған байланысты Министрлер кабинетінің тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Мемлекеттік қолдау әлеуметтік маңызы бар отын түрлеріне — АИ-92 бензиніне, дизель отыны мен сұйытылған көмірсутекті автомобиль газына көрсетіледі.

Бұған қоса, субсидиялау мерзімін үш айға ұзартумен бірге, импорттаушылар мен өндірушілерге қойылатын талаптарды өзгерту де көзделген. Атап айтқанда, субсидия мөлшері Министрлер кабинеті белгілеген есептік бағаның 20 пайызынан аспауға тиіс.

Ал өндірушілер мен импорттаушылар акциз салығын есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей төлейді.

Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден отын жеткізетін кәсіпорындарға кедендік төлемдерді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек субсидияны есептегенде отын экспортталатын елде кедендік декларацияны рәсімдеуге кеткен шығындар да ескеріледі.

Сонымен қатар жүк құжаттарындағы жанар-жағармай атауы қаулыда көрсетілген тізімге сәйкес келмеген жағдайда, отынның техникалық талаптарға сай екенін Қырғызстан Энергетика министрлігі растауы қажет. Осы растау негізінде субсидия беріледі.

Еске сала кетейік, Қырғызстан жанар-жағармай материалдарын импорттаушылар үшін субсидияларды 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартқан еді.

Бұған дейін Қырғызстанның жанар-жағармай бағасын ұстап тұру үшін 1 миллиард сом субсидия бөлгенін жазған едік.