Қырғызстанда 2027 жылдан бастап цифрлық сом енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда цифрлық сомды енгізу 2027 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған. Бұл туралы 24 ақпанда өткен баспасөз конференциясында Қырғыз Республикасының Ұлттық банкінің төраға орынбасары Азат Козубеков хабарлады, деп жазады Кабар.

цифрлық сом
Фото: Кабар

Оның айтуынша, тиісті заң көрсетілген күннен бастап күшіне енеді және сол уақытта цифрлық сом ресми айналымға енгізіледі.

Қазіргі таңда Ұлттық банк жобаны жүзеге асыру бойынша серіктестерімен бірлесіп жұмысын жалғастырып жатыр.

Цифрлық сом — Ұлттық банк шығаратын ұлттық валютаның цифрлық нұсқасы. Ол заңды төлем құралы саналады және бір цифрлық сом бір қолма-қол сомға тең болады. Цифрлық валюта реттеушінің кепілдіктерімен қамтамасыз етілгендіктен, қаражатты қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар, Козубеков биыл пилоттық жобаның іске асуы туралы толық ақпарат берілетінін айтты. Бұл жоба реттеуші үшін басты басым бағыттардың бірі саналады.

Бұдан бұрын Қырғызстан Ұлттық банкі негізгі мөлшерлемені 12%-ға дейін көтергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум