Қырғызстанда ағза айырбастауға тек туыстары донор бола алады
АСТАНА.KAZINFORM - Елдің Министрлер кабинеті тірі донордан реципиентке ағза трансплантациялауды ұйымдастыру мен тәртібін айқындайтын адам ағзалары мен тіндерін трансплантациялау туралы ереже бекітті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжатқа сәйкес, кәмелеттік жасқа толған және трансплантацияланатын науқаспен атасы мен әжесіне дейін тегі ортақ (ата-анасы, балалары, кәмелеттік жасқа толған аға-інілері, атасы, әжесі, арғы атасы, арғы әжесі) заңды құзыретті тұлғалар донор бола алады.
Трансплантацияны басқа медициналық құралдар мен әдістер тиімсіздігі дәлелденген және науқастың өмірін сақтауға немесе оның денсаулығын қалпына келтіруге кепілдік бере алмаған және медициналық қорытынды негізінде жүзеге асырылған жағдайда ғана жасауға болады.
Тірі донордың ағзасын немесе тінін алуға, сатып алуға және трансплантациялауға тек мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, Режеп Тайып Ердоған атындағы Қырғыз-түрік достығы мемлекеттік ауруханасында, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы М.М.Мамакеев атындағы ұлттық хирургия орталығында, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ана мен бала ұлттық орталығында және Ош мемлекеттік университетіндегі медициналық орталықта рұқсат етіледі.
Адамның ағзасын немесе тінін трансплантациялау ерікті түрде мәжбүрлеусіз жүзеге асырылатыны аталып өтті. Адам ағзалары мен тіндерін сатып алуға және сатуға тыйым салынады. Елде бүйрек, бауыр және қан түзетін жасушаларды (сүйек кемігін) трансплантациялауға болады.
Қырғыз Республикасында заңсыз халық еміне салынатын айыппұл көлемі ұлғайғаны осыған дейін хабарланған болатын.
2026 жылдан бастап қырғыз дәрігерлерінің жалақысы көтеріледі.