Қырғызстанда барлық есеп айырысу соммен жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда ұлттық валютада есеп айырысу туралы заң қабылданды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Қырғызстан аумағында тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін есеп айырысулар тек ұлттық валюта — соммен жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, олардың меншік нысанына қарамастан, есеп айырысуды ұлттық валютада жүргізуге міндетті.
Заңға сәйкес, Қырғызстанда жылжымайтын мүлік, автокөлік құралдары сияқты мәмілелер бойынша төлемдер мен есеп айырысулар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуге жататын құқықтар бойынша есеп айырысулар тек соммен жүзеге асырылады.
Шетел валютасында бағасы көрсетілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жарнамалау заңсыз деп есептеледі.
Заң ресми жарияланған күннен бастап 12 айдан соң күшіне енеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда цифрлық сом қабылдаудан бас тартқандарға айыппұл салынады.