Қырғызстанда білім беру саласы қызметкерлерін марапаттау жүйесі жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Білім беру министрлігі № 521/1 бұйрығына сәйкес ведомстволық наградалар туралы ережені бекітті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Кабар.

Қырғызстанда білім беру саласы қызметкерлерін марапаттау жүйесі жаңартылды
Фото: Кабар

Ережеге сәйкес, ведомстволық наградаларды беру үдерісі «Мұғалім» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі — ААЖ «Мұғалім») деректері негізінде жүзеге асырылады.

Наградаға үміткерлерді есепке алу, деректерді өңдеу және кандидаттар тізімін қалыптастыру «Мұғалім» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Министрліктің ведомстволық марапаттарына мыналар кіреді:

  • Қырғыз Республикасының Білім беру министрлігінің Құрмет грамотасы;
  • Қырғыз Республикасының Білім беру министрлігінің грамотасы;
  • «Білім беру үздігі» төсбелгісі;
  • «Үздік қызметкер» төсбелгісі;
  • «Ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медалі.

Ведомстволық наградалар жылына екі рет беріледі:

— «Соңғы қоңырау» іс-шарасына орай;
— 5 қазан — Білім беру қызметкерлері күніне орай.

Сондай-ақ марапатқа ұсынылатын тұлға ААЖ «Мұғалім» жүйесіндегі портфолиосында бұрын берілген марапаттар туралы мәліметтерді міндетті түрде көрсетуі қажет.

Бұған дейін Қырғызстанда некеге тұрмас бұрын міндетті тексеруден өтуді енгізу ұсынылды.