Қырғызстанда экономика және коммерция министрі орынбасарларының жартысы қысқарды
Қырғызстанда экономика және коммерция министрі орынбасарларының жартысы қысқарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстанның Министрлер кабинетінің басшысы қол қойған бұйрыққа сәйкес, Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрінің 4 орынбасары қызметінен босатылды. Олар: Канатбек Абдрахманов, Кубанычбек Закенаев, Чингиз Макешов, Назарбек Малаев.
Қырғызстанның Министрлер кабинеті баспасөз қызметінің дерегінше, үкімет 14 штатты – министрлік пен атқарушы биліктің 9 мемлекеттік органындағы әкімшілік ведомство жетекшілерінің орынбасарларын қысқартты. Атап айтар болсақ, Экономика және коммерция министрлігі, Қаржы министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Министрлер кабинеті жанындағы Әлеуметтік қор.
Мұндай шешім Қырғыз Президентінің «Республикалық бюджет шығынын оңтайландыру, бюджет қаржысын мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының тиімді пайдалануын арттыру туралы» бұйрығы аясында қабылданды.
Бұған дейін елдегі Табиғат ресурстары, экология және техникалық бақылау министрлігі мен Министрлер кабинеті жанындағы интеллектуал меншік және инновация мемлекеттік агенттігінде орынбасарлар саны қысқарған болатын.