Қырғызстанда электр энергиясы қымбаттайды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда 2026 жылдың 1 мамырында электр энергиясына тарифтер көтеріледі. Бұл туралы елдің Энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлімдеді, деп хабарлайды Каzinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Орташа мерзімді тарифтік саясатқа сәйкес, электр энергиясының бағасы биыл 27 тиынға, 2027 жылы – 33 тиынға, 2028 жылы – 39 тиынға, 2029 жылы – 48 тиынға және 2030 жылы – 57 тиынға өсіп, өзіндік құн деңгейіне жетеді.
Қазіргі кезде электр энергиясының тарифі 1,37 сом/кВтсағ құрайды.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қырғызстанда энергетика секторында төтенше жағдай режимі енгізілді.
2025 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан энергетика министрі Таалайбек Ибраев алдағы қыстың аса күрделі болатынын ескертіп, халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды.
2025 жылғы қарашада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Энергетика министрлігіне электр энергиясына шектеусіз тариф қолдануды тоқтатуды тапсырды.
Ел мектептерінде энергияны үнемдеу шаралары енгізілді.
Ал Бішкекте мейрамханалар, барлар мен клубтар кешкі сағат 22:00-ден кейін жабылады.
Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығына не себеп болғанын мына материалдан оқи аласыз.