Қырғызстанда электр энергиясы қымбаттайды
АСТАНА. KAZINFORM — 1 мамырдан бастап елде электр энергиясы тарифі көтеріледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қырғызстан Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша соңғы 10 жылда электр энергиясын тұтыну 3,6 млрд киловатт-сағатқа артып, қондырғылар айтарлықтай жүктемеде жұмыс істейді. 2024 жылы энергетика саласындағы қаражат тапшылығы 8,1 млрд сомды құрады. Электр энергиясының ағымдағы тарифтері Орталық Азиядағы ең төменгі тарифтердің қатарында қалып отыр және энергия өндіру мен жеткізуге кеткен барлық шығынды өтей алмайды. Соның салдарынан энергетикалық сектордағы тапшылық бағаның өсуі есебінен жабылады.
Өзгерістерге сәйкес тұтынушылар санаттарының саны 14-тен 7-ге дейін қысқарады:
700 кВт⋅сағ дейін тұтынатын «халық» санаты үшін, оның ішінде биік таулы және шалғай аймақтарда тұратындар үшін электр энергиясының тарифі 1,11 сом/кВт⋅сағаттан 1,37 сом/кВт⋅сағ дейін (6,47 теңгеден 7,98 теңгеге дейін) көтеріледі. 700 кВт⋅сағ жоғары тұтыну үшін — 2,39-дан 2,60 сом/кВт⋅сағ-қа дейін (13,93-тен 15,15 теңгеге дейін) артады;
«әлеуметтік және қоғамдық тұтынушылар» санаты үшін тариф 2,62 сом/кВтсағ (15,27 теңге);
«өнеркәсіптік тұтынушылар» — 3,34 сом (19,47 теңге);
«коммерциялық тұтынушылар» — 3,96 сом (23,08 теңге);
бюджеттік тұтынушылар — 4,09 сом (23,84 теңге);
«энергияны көп қажет ететін өнеркәсіптік тұтынушылар» — 6,06 сом (35,32 теңге);
«электр көліктерін зарядтау станциялары» — 5,31 сом (30,95 теңге).
Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстан 2030 жылға дейін жыл сайын электр энергиясының құнын 20 пайызға көтеруді ұсынып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 тамызынан бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қырғызстанның энергетика саласында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.
Бұған дейін Қырғызстан энергетика министрлігі халықты электр қуатын үнемдеуге шақырғанын жазған едік.