Қырғызстанда Ыстықкөлдегі су деңгейінің төмендеу мәселесі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Бішкекте өткен IV Халық құрылтайында сөйлеген сөзінде су ресурстарына қысымды күшейтіп отырған жаһандық климаттың өзгеруі мәселесін қозғады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Иссык-Куль
Фото: КАБАР

Садыр Жапаровтың айтуынша, 1854 жылдан бері Ыстықкөлдегі су деңгейі шамамен 14 метрге төмендеген, ал көлге құятын өзендердің саны айтарлықтай қысқарған. Бұл жағдай алаңдаушылық туғызады.

— 1950–1960 жылдары көлге шамамен 100–110 өзен құятын, қазір олардың саны небәрі 30–35-ке жетеді. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, өңір экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан елеулі салдарға тап болуы мүмкін, — деді ол.

Президенттің айтуынша, Үкімет көлге келетін су көлемін арттыру, жаңа каналдар мен гидротехникалық нысандар салу жобаларын іске асыру арқылы қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Еске сала кетейік, 25–26 желтоқсанда Бішкекте IV Халық құрылтайы өтіп жатыр. Оған мемлекет басшысы, министрлер кабинетінің мүшелері, парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару өкілдері, сондай-ақ елдің барлық өңірінен келген 690 делегат қатысып жатыр.

Бұған дейін біз Арал теңізінің тартылуы Қырғызстан мұздықтарына қалай әсер ететіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар