Қырғызстанда Қамшы Көлбаевтың ағасы ұсталды
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне жерді заңсыз беруге қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша оның ағасы Жолдошбек Көлбаев пен топтың үш мүшесі ұсталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қырғызстан Республикасы ІІМ мәліметінше, 2009 жылы Ыстықкөл облысына қарасты Чон-Сары-Ой ауылы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тұрғын С. К-ға 5 га спорт кешенін салуға жер телімін 49 жылға жалға берген. Бұл ретте нысан салынған жоқ, бұл жерді мемлекетке қайтаруды талап еткен жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.
— Жанжал аясында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері С. К.-ға 1 га жерді «ортақ қорға» беруді талап етіп, қысым көрсете бастады. Қоқан-лоқыдан қорыққан ол Қамшы Көлбаевтың ағасы Ж.К.-дан қолдау сұрап, қысымды тоқтату үшін қажетті жер учаскесінің бір бөлігін беруді уәде еткен, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 336-бабы «Сыбайлас жемқорлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың келесі мүшелері ұсталып, Бішкектегі уақытша ұстау абақтысына қамалды. Олар: С. А. (1977 ж. т.), К.Ж. (1976 ж. т.), Е.М (1974 ж. т.) және О.А. (1976 ж. т.).
Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазан айында Бішкекте арнайы операция кезінде қылмыстық авторитет Қамшы Көлбаев қаза тапты.
Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қылмыстық жолмен алынған мүлікті анықтау іс-шаралары барысында Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерінен бірнеше жылжымайтын мүлік объектілерін анықтады.
Қамшы Көлбаевтың құны жарты млн доллар тұратын асылтұқымды жылқылары тәркіленді. Ал Қырғыз Республикасының мемлекет мүлкін басқару агенттігі Қамшы Көлбаевқа тиесілі болған алты автокөлік электрондық аукцион арқылы сатылатынын мәлім етті.