Қырғызстанда Қамшы Көлбаевтың жақтасы ұсталды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда «Кеша» лақап аты бар қылмыс әлемінің серкесі ұсталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, «Кеша» лақап атымен белгілі ұсталған Р.К.Р. 2009 жылдан бері құқық қорғау органдарының жедел есебінде тұрған. Сондай-ақ ол бұған дейін А.Анапияев тобының мүшесі болған. 2016 жылы ол есірткі саудасымен айналысқаны үшін жазасына қатаң режимдегі колонияда өткузімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Жарты мерзімін өтегеннен кейін Р.К.Р. шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш білдірді, оны Токтогул аудандық соты қанағаттандырды. Ол 18.10.2022 жылдан 13.03.2025 жылға дейін пробациялық бақылауда болды. 2024 жылдың желтоқсанында ұсталған ер адам пробациялық қадағалау шарттарын өрескел бұза отырып, Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасынан Қазақстан Республикасы бағытында жоспарлы түрде заңсыз өткен, - делінген хабарламада.
Ол 2025 жылдың 2 қыркүйегінде ұсталып, Қырғыз Республикасы ҰҚМК уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазанында Бішкекте арнайы операция кезінде қылмыстық авторитет Қамшы Көлбаев қаза тапты.
Қамшы Көлбаевтың құны жарты млн доллар тұратын асыл тұқымды жылқылары тәркіленді және оның қылмыстық тобы мүшелерінің жылжымайтын мүліктері анықталды.
Сондай-ақ Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне жерді заңсыз беруге қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша оның ағасы Жолдошбек Көлбаев пен топтың үш мүшесі ұсталды.