Қырғызстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерін фото, видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстан Жогорку Кенешінің құқық тәртібі, қылмысқа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті бірінші оқылымда құқық қорғау органдары қызметкерлерін фото, видеоға түсіріп, кейін интернетте таратуға тыйым салатын кейбір заңнамалық актілерге енгізілген түзетулерді мақұлдады.

Қырғызстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін фото, видеоға  түсіруге тыйым салынуы мүмкін
Фото: Жогорку Кенеш

Заң жобасы Билік өкіліне немесе қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді атқаратын немесе қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесетін өзге адамға қарсылық көрсетуге байланысты бұзақылық бойынша санкцияларды құқықтық қорғауға және күшейтуге бағытталған.

Қоғамда ішкі істер органдары мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау, қорлау және қарсылық көрсету фактілері, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың жұмысына заңсыз араласу, фото және видео түсірілім арқылы беделін түсіру мақсатында оларды әлеуметтік желілерде тарату жиілеп кеткені аталып өтті. 

Қырғызстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін фото, видеоға  түсіруге тыйым салынуы мүмкін
Фото: Жогорку Кенеш

Заң жобасына сәйкес, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді атқаратын өзге адамға бағынбау, сол сияқты өзінің қызметтік міндеттерін орындайтын қызметкерлердің қызметіне құқыққа қайшы араласу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын беделін түсіру мақсатында кейін интернетте тарата отырып, фото және видеоға түсірген жеке тұлғаларға 50 есептік көрсеткіш (5000 сом) мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен жеті тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылады.

Бұған дейін Қырғызстанда біліктілігі жоқ психологтардың жарнамасына тыйым салынатыны хабарланған болатын. Сондай-ақ, электр скутерлерін, велосипедтер, гироскутерлерді және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану мәселесін реттеу ұсынылды.