Қырғызстанда экология жөніндегі жаңа агенттік құрылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Жогорку Кенештің отырысында төраға Нұрланбек Тургунбек уулу орман шаруашылығы мен экология мәселелерімен айналысатын жеке агенттік құруды ұсынды, деп жазады Кабар.

— Бүгінгі таңда орман шаруашылығы Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Бірақ бұл ведомство бір мезгілде өртті сөндіріп, көшкіндерді тазалап, ормандардың жағдайын қалай қадағалай алады? Мұндай әртүрлі бағыттарды бір мекеме шеше алмайды. Сондықтан экология және орман шаруашылығы мәселелерімен айналысатын жеке агенттік құру қажет, — деді Жогорку Кенеш төрағасы.
Нұрланбек Тургунбек уулу сонымен қатар тексеруші инспекцияларды біріктіру идеясын қолдайтынын айтып, бір органның алдымен рұқсат беріп, кейін өзі тексеріс жүргізу тәжірибесін жою қажеттігін атап өтті.
Спикердің айтуынша, қадағалаушы органдардың санын қысқартып, олардың міндеттерін нақты бөлу қажет.
Бұған дейін Қырғызстан астанасының бірнеше ауданында жарық өшіп қалғанын жазған едік.