Қырғызстанда сөз бостандығын шектеу мүмкін емес - Садыр Жапаров

АСТАНА. Kazinform - Қырғызстанда сөз бостандығын шектеу мүмкін емес, халық бұған жол бермейді. Бұл туралы Кабар агенттігіне берген сұхбатында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров айтты.

садыр жапаров
Фото: Кабар

Қырғызстандағы сөз бостандығы жағдайының нашарлауына қатысты халықаралық және қоғамдық ұйымдардың рейтингісіне тоқталған мемлекет басшысы қырғыз халқы ежелден сөз бостандығын жақтаушы болғанын атап өтті.

– Жағдай ушығып кетті дегендердің өздері жағдайды тұрақсыздандыруға мүдделі. Олар «сөз бостандығы» деген терминнің артына жасырынып, қалағанын істейді. Бұлар — жалған патриоттар. Халық арасында сыни ойлауды дамытуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекеттігімізге, ділімізге, салт-дәстүрімізге қайшы келеді. Жалған ақпарат таратып, біреуге жала жабу әрекеттері көбейді. Біз жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған өзімшіл мақсаттардың шындыққа айналуына жол бермейміз. Мұны кімнің істеп жатқанын халық жақсы біледі және түсінеді. Егер билік сөз бостандығына әділетсіз қол сұғатын болса, халық әлдеқашан көтерілер еді», - деді президент.

Садыр Жапаров Қырғызстанда адам құқығы толығымен сақталатынына сендірді.

– Бұл ретте олқылықтар да жоқ емес. Кей жағдайда адам факторына байланысты болып жатады, бірақ біз мұндай жағдайларға дереу ден қоюға және азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға тырысамыз. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар «демократия» ұғымын мүлдем басқа бағытта қолдануға тырысады. Демократияның атын жамылып, жалған ақпарат таратып, тәртіпсіздікке шақырады. Кейбір ақпараттық сайттар ақпараттың дұрыстығына көз жеткізбестен, өтірікті шындай қылып көрсетеді. Жалпы, елімізде мұндай жағдайлар көп. Сондықтан біз дұрыс демократиялық ұстанымдар бойынша өмір сүруді үйренуіміз керек», – деді.

Оның пікірінше, демократия мен сөз бостандығының әлемдік рейтингісін сөз бостандығының артына жасырынғандар жасайды.

– Егер біз олардың шарттарына келісіп, табиғатымызға жат зиянды саясатын сіңірсек, сөз бостандығы мен адам құқығын қорғау рейтингісінде алдыңғы орындардан көрінер едік. Бізге мемлекетті уақыт өте келе моральдық тұрғыдан бұзатын басшылық қажет емес», - деді Садыр Жапаров.

Бұған дейін Садыр Жапаров Кабар агенттігіне берген сұхбатында елде билікті күшпен ауыстыруға негіз жоқ екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар