Қырғызстанда тарихи-мәдени мұраны қорғау ережелері өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда тарихи-мәдени мұраны қорғау ережелерін өзгертетін заң қабылданды, деп хабарлайды Кабар.

«Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңға енгізілген өзгерістер Жогорку Кенеште үш оқылымда мақұлданған.
Бұған дейін археологиялық зерттеу жүргізу тәртібі бюрократиялық кедергілермен күрделенген болатын. Ескерткіштер табылуы ықтимал аумақтардың нақты тізімі болмаған, археологтердің жұмысын тіркеу мен бақылаудың бірыңғай тәртібі де бекітілмеген еді. Мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігі әлсіз үйлестірілген. Мұның бәрі құрылыс және жер пайдалану жобаларын жүзеге асыруда кідірістерге алып келетін.
Жаңа заң өзгерістері құрылыс, жол салу, жерді игеру, тың жерлерді игеру және карьерлерді қазу кезіндегі археологиялық зерттеу жұмыстарын жеңілдету мен жеделдетуге бағытталған. Бұл әсіресе инженерлік-іздестіру жұмыстары мен жер телімдерін трансформациялау кезеңінде маңызды.
Енді құзыретті орган ескерткіш кездесуі мүмкін аумақтар тізімін жасап, бекітеді. Мұндай аумақтарда археологиялық зерттеу міндетті түрде жүргізілуі тиіс.
Құрылыс, жол салу, жер трансформациясы және басқа да жұмыстармен айналысатын ұйымдар археологиялық зерттеуді өз қаражаты есебінен жүргізіп, оны құзырлы органмен келісуге міндетті.
Егер жұмыстар кезінде мәдени мұра нысандары табылса, олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар уақытша тоқтатылады немесе толықтай тыйым салынуы мүмкін.
Ал бұл тізімге енбеген аумақтарда археологиялық зерттеу жүргізу міндетті емес, бұл өз кезегінде жерді игеру процесін едәуір жеңілдетіп, жеделдетеді.
Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары жүргізу тәртібі де өзгерді. Енді археологиялық жұмыстар тек арнайы рұқсат — Тарих иститутының орнына құзыретті орган беретін «Ашық парақ» негізінде ғана рұқсат етіледі. Археологтерге тіркеу, есеп беру және жауапкершілікке байланысты нақты тәртіп енгізілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда тек кәсіби психологтер өз қызметін жарнамалай алуы мүмкін.