Қырғызстанда туристер саны өскенімен қызмет көрсету саласы артта қалып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда туризм басым бағыттардың бірі ретінде дамып келеді. Әсіресе қысқы және жазғы демалыс түрлері, тауға шығу және экотуризм қарқынды өсіп жатыр, деп хабарлайды Кабар.

Ыстықкөл, суға шомылу, демалыс орындары
Фото: Кабар

Ел бойынша туристер ағыны ұлғайған сайын инфрақұрылым жақсарып жатыр: қонақүйлер мен демалыс базалары салынып, жаңа жолдар төселіп, ескілері жөндеуден өткізілген.

Дегенмен, оң динамикаға қарамастан, салада елеулі проблемалар бар. Қызмет көрсету мәдениеті әлі де күтілген деңгейде емес. Бұл әсіресе жазда Ыстықкөлде айқын байқалады, мұнда ішкі және шетелдік туристер саны артып келеді. Сонымен қатар, сервис сапасына, санитарлық тазалыққа және бағалардың қымбаттығына қатысты шағымдар көбейді.

Қонақүйлерде, кафелер мен жағажайларда қызмет көрсету сапасы бекітілген тарифтерге жиі сай келмейді. Кейбір кәсіпкер қымбат бағаға қарамастан тиісті деңгейдегі қызмет көрсетпейді. Осыған байланысты президент әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орунбеков әлеуметтік желіде Чолпон-Ата мен Бостери тұрғындарына үндеу жасады.

Ол Ыстықкөлде шатыр (көшпелі күннен қорғайтын құрал) қойып, оны жалға алу үшін ақы талап ететін адамдарға қарсы шаралар қолданылатынын айтты. Мұндай әрекеттер аймақтың имиджіне нұқсан келтіріп, туристердің наразылығын тудырады.

жағажай, демалыс орындары
Фото: Кабар

— Қазір туризм маусымының шыңы, және «ақшаны кез келген жолмен алу» тәсілінен бас тарту өте маңызды. Президенттің тапсырмасымен жағалаудағы қоршаулар алынған, бұл жағажайларға еркін кіруді қамтамасыз ету үшін жасалды. Бірақ кейбіреулер әлі де шатыр қояды, ақша талап етеді және туристерге дөрекі қарайды. Бұл біздің аймақтың абыройын кетіреді. Жергілікті билікке қатаң шаралар қолдану тапсырылды. Егер туризмнен табыс тапқыңыз келсе — оны құрметпен, тазалықпен және қонақжайлылықпен жасаңыздар, — деді Орунбеков.

Чолпон-Ата мэрі Азамат Арнабекұлының сөзінше, жағажайлар тегін болуы тиіс, шатыр мен шезлонгті жалға алу күніне 200 сомнан аспауы қажет. Дегенмен, іс жүзінде туристерден ақша талап етіліп, қызмет бағасы 2-3 мың сомға дейін қымбат болуы жиі кездеседі.

Мэр атап өткендей, қалалық билік пансионат иелерімен түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Чолпон-Атадағы көптеген нысан туристерге жақсы жағдай қамтамасыз етсе де, қонақтарды қабылдау мәдениетін жақсарту және жергілікті тұрғындардың қатысуымен мәдени бағдарламаларды дамыту қажет. Ол заң бұзушыларға қатаң шара қолданылатынын атап өтті: ережелер сақталмаса, жағажайлар алынып, муниципалитетке берілетін болады. Мысалы, «Каганат» пансионатында шатырды 2 мың, ал шезлонгты 5 мың сомға жалға бергендерге осындай шара қолданылған.

Тағы бір мәселе ретінде мэр тамақ пен тауар бағасының өсуін атады. Жақын арада бағаны бақылау бойынша арнайы комиссия құру жоспарланып отыр. Онда антимонополия қызметі, жергілікті билік және муниципалды меншік басқармасы өкілдері болады.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап туристерді қабылдау мен қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған арнайы бағдарлама енгізілмек.

— Жаңа үш айлық бағдарламаны дайындап жатырмыз, ол жүйелі жұмыс жасауға бағытталған. Қонақжайлылық жауапкершілігі тек пансионат иелерінде ғана емес, бүкіл қоғамда болуы тиіс. Кейде туристермен жанжалдар болып жатады — бұл мүлдем дұрыс емес. Әр тұрғын өз міндетін түсінуі керек, — деді мэр.

Қырғызстан
Фото: Кабар

Туризм саласы маманы Азамат Жаманқұловтың пікірінше, кәсіпкерлер қызметіне бақылауды күшейту қажет. Ол Түркия тәжірибесіне назар аударуды ұсынды, онда шатырлар мен шезлонгтер тегін беріледі. Жаманқұлов Қырғызстанда кейде бағаның клиенттің сыртқы түріне байланысты өзгеретіні әділетсіз екенін айтты.

— Өзім куә болдым, бір клиентке бір баға айтылса, екіншісіне сол қызметтің екі есе қымбаты ұсынылады. Бұл — өте ұят нәрсе. Мемлекет бизнесті қатаң талаптармен реттеуі керек, әйтпесе жағдай осылай жалғаса береді. Қызметкерлерді оқыту — жергілікті биліктің міндеті, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Қырғызстаннан Алтайға қар барыстары жеткізілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар