Қырғызстанда ұлттық төлқұжаттар жаңарады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда 2025 жылғы үлгідегі жаңартылған дизайны мен күшейтілген қорғаныс элементтері бар жаңа жалпыазаматтық төлқұжаттар мен жеке куәліктерді (ID-карта) айналымға енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қырғыз Республикасы Цифрлық даму министрлігі бұл мәселе бойынша Министрлер кабинетінің тиісті қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы үлгідегі ұлттық төлқұжаттар 2024 жылғы үлгідегі ID-карталардың және 2023 жылғы жалпыазаматтық төлқұжаттардың (ЖАТ) бланкілері таусылған соң беріле бастайды.
2025 жылғы үлгідегі ұлттық төлқұжаттар (ЖАТ және ID-карта) жаңартылған дизайнмен, мемлекеттік тудың бейнесіндегі өзгерістермен және қорғаныс элементтерімен шығарылады.
Қаулы жобасына сәйкес, тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерге 2025 жылғы үлгідегі ұлттық паспорттарды заңдастыру бойынша қажетті шаралар қабылдау, соның ішінде паспорт үлгілерін шет мемлекеттерге жіберу, сондай-ақ жаңа ID-карталар мен жалпыазаматтық төлқұжаттарды беру туралы халықты ақпараттандыру науқанын өткізу тапсырылмақ.
Осыған дейін Қырғызстан басқа елдердің төлқұжаттарын шығара бастағанын жазғанбыз.