Қырғызстанда валюта айырбастау кезінде клиенттерді тексеру талаптары күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда қолма-қол шетел валютасымен операциялар жүргізу тәртібі жаңартылды. Өзгерістер клиенттерді сәйкестендіру, құжаттарды тексеру және ірі көлемдегі валюталық операцияларды бақылау талаптарына қатысты.
Тиісті өзгерістер Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2026 жылғы 1 қазандағы қаулысымен енгізілді.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату кезінде банктер мен айырбастау ұйымдары клиенттерді және олардың сенімді өкілдерін сәйкестендіріп, санкциялық тізімдерде бар-жоғын тексеруге міндетті.
Тексеру фотосуреті бар жеке басты куәландыратын құжат негізінде жүргізіледі. Құжат қағаз түрінде де, мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы электронды форматта да ұсынылуы мүмкін.
1 млн сомнан (шамамен 5,2 млн теңге) басталатын валюталық операциялар кезінде клиент жеке тұлғаның сауалнамасын толтыру арқылы қосымша сәйкестендіруден өтуге тиіс. Тұрақты іскерлік қатынастар болмаған жағдайда бенефициарлық меншік иесі де тексеріледі.
Клиент пен жүргізілген операция туралы ақпарат тиісті тіркеу журналдарына енгізілуі керек.
Сонымен қатар 100 мың сомнан (шамамен 517 мың теңге) басталатын немесе шетел валютасындағы баламалы сомаға тең айырбастау операциялары кезінде ұйымдар клиент туралы мәліметтерді қоса алғанда, операцияға қатысты қажетті ақпаратты тіркеуге міндетті. Бұл деректер кемінде бес жыл сақталуы керек.
Күдікті операция анықталған жағдайда банктер мен айырбастау ұйымдары операция күдікті деп танылған сәттен бастап бес сағат ішінде оның сомасына қарамастан, қаржылық барлау органына хабарлауға міндетті.
Бұдан бөлек, айырбастау ұйымдары клиенттерге валюта айырбастау операциясының жүргізілгенін растайтын құжат беруге тиіс. Ал айырбастау пункттері, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар, сондай-ақ кредиттік серіктестіктер кассалық чек беруге міндеттелген.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін айыппұл енгізілетінін хабарлаған едік.