Қырғызстанда «Яндекс Go» сервистері дұрыс жұмыс істемей тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында ақау байқалды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Қырғызстанда «Яндекс Go» сервистерінде ақау тіркелді
Фото: Кабар

«Яндекс Go Қырғызстан» компаниясы жағдайға қатысты түсінік берді.

— Қазіргі уақытта кейбір сервистеріміз қолжетімсіз немесе дұрыс жұмыс істемей тұр. Болған жайт үшін кешірім сұраймыз. Экранда қате туралы хабарламаның шығуы жоспарларыңызға кедергі келтіретінін түсінеміз. Ата-анаңызға бару, тамаққа тапсырыс беру, отбасылық кешкі асқа азық-түлік алу, жақындарыңызға сәлемдеме жіберу немесе көптен бері баруды жоспарлап жүрген саябаққа жол табу сияқты күнделікті істеріңіз қиындауы мүмкін. Жақындарыңызбен уақыт өткізудің орнына, енді басқа амал іздеуге тура келеді, — делінген компания хабарламасында.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, дрон шабуылы салдарынан Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» деректер орталығының инфрақұрылымы зақымданған. Орталықтың жұмысы тегіс тоқтатылған. Зардап шеккендер жоқ. Тиісті қызметтер оқиға орнына барып, оның салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қазақстанда да компания сервистерінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын хабарланған едік.

Компанияның баспасөз қызметі кейбір сервистерде ақау бар екенін растады. Қазір мамандар олардың жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Алайда қызметтердің қашан толық іске қосылатыны әзірге белгісіз.

Яндекс өкілдерінің түсіндіруінше, күрделі цифрлық сервистердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан серверлерге тәуелді. Сондықтан бір сервердегі ақау басқа елдердегі қызметтердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.